Конституциялық Заң
Негізгі ақпарат
Карточка
Құрылым
Тарих

Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына:

      1) 89-бапта:

      3-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Кандидаттар – мүгедектігі бар адамдар осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттарға халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша мүгедектігі туралы анықтамаларды қосымша ұсынады.";

      4-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Партиялық тізімде үш санат өкілдерінің: әйелдердің, жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдардың, мүгедектігі бар адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс.";

      2) 97-1-бапта:

      5-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Депутаттық мандаттарды бөлген кезде үш санат өкілдерінің: әйелдердің, жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдардың, мүгедектігі бар адамдардың саны партия алған депутаттық мандаттардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс.";

      6-тармақтың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:

      "Бұл ретте осы баптың 5-тармағы үшінші бөлігінің талаптары сақталуға тиіс.".

      2. "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" 2000 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына:

      1-бапта:

      бесінші бөліктің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) Қазақстан Республикасы Парламенті мен оның палаталарының алдында, Республика Үкіметінің отырыстарында ел үшін маңызды мәселелерді талқылау кезінде сөз сөйлеу; Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құрамына кіру құқығы тиесілі.";

      алтыншы бөлік алып тасталсын.

      2-бап. Осы Конституциялық заңның 1-бабы 1-тармағының күші осы Конституциялық заң қолданысқа енгізілгенге дейін тағайындалған сайлауды өткізуге байланысты туындаған құқықтық қатынастарға қолданылмайды.

      3-бап. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ